«Ән мен жырдың Ақбұлағы»

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы Балалар кітап апталығының алғашқы күнін ерекше мазмұнмен бастады. «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында қазақтың көрнекті ақыны,сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ән мен жырдың Ақбұлағы» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Кеш қонақтары Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ардагер ұстазы, Бәкір Тәжібаевтың інісі Төлеуов Мырзағалидың қызы Аманжолова Айгүл Мырзағалиқызы, композитор, Мәдениет саласының үздігі Байсеңгір Орал Ноғайбайұлы және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің кітапханашысы Сарсенова Айнұр Ергалиевна қатысып, ақын мұрасы туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, Бәкір Тәжібаев шығармашылығының ұлттық руханияттағы орнын айрықша атап өтті.

Шараға Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының оқушылары белсене қатысып, ақынның жүрекке жылы, рухқа жақын жырларын жатқа мәнерлеп оқыды. Жас буынның поэзияға деген ықыласы мен құрметі кештің мазмұнын айшықтай түсті.

Сонымен қатар, №1 Балалар музыка мектебінің «Дәстүрлі ән» класының оқушылары Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ», «Туған жер» әндерін шебер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әуен мен сырлы сөз үйлесім тапқан бұл сәттер кештің көркемдік деңгейін арттырды.

Мерекелік кеш қорытындысында «Сұңқар» вокальді ансамблінің орындауында Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған,  Ескендір Хасанғалиевтің «Күн дидарлы Қазақстан» әні шырқалды.

Рухани кеш жас ұрпаққа әдеби мұраны дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.80d57829 af31 4d1e 8a4a 040064975be3